“Нефтестройсервис Лтд” ЖШС-нің бас менеджері Ибрагим Шияпұлы Акдрашевтің республикалық “Болашақ жасар” газетіне сұхбаты.

– Біз сізді бейнетпен жетілген, еңбекқор адам ретінде танимыз. Айналдырған тоғыз адаммен кәсіп ашып,  бес мың жұмысшыға дейін жеткізу оңай шаруа емес, әрине. Шүкір, елімізде адал еңбекпен табысқа жетіп жатқан азаматтар баршылық. Бизнестің мәнісі неде? Неге кәсіп бастағандардың біразы жарым жолда тоқтап қалады?

– Одақ тараған тұста, ел қатарлы біз де қиналдық. Отбасын асырау оңай болмады. Мен де замандастарып сияқты ұсақ-түйек саудамен айналыстым. Тұрмысқа қажетті заттарды сатып, азды-көпті пайда таптым.Мұнайды белден қазып ала салғам жоқ. Бастапқыда мұнай сервисіне қадам басқанымда, жанымда өз ісін жетік білетін тоғыз ғана сенімді жолдасым болды. Меншігімде бір-ақ УАЗ көлігім бар еді. Ең алғаш рет венгерлік бір компаниядан тапсырыс алдық. Өз шаруамызды тиянақты атқардық. Бізге деген берік сенім пайда болған соң, басқа да компаниялар тапсырыс бере бастады. Бизнестің бір құпиясы сенімді ақтай білу. Біз сенімді серіктестікті адал еңбекпен қалыптастырдық. Сөйтіп қатарға қосылдық. Көпшілік бизнесті тек пайда табу деп біржақты түсінеді. Бизнестің түпкі мәні ол емес. Бизнес – бір орында тұрып қалмай, үнемі жетілдіруді қажет ететін құбылыс. Жетілуді ойламаған адам кәсібін өрге домалата алмайды. Біздің ұжым үдеріс жолында үнемі ізденумен келеді. Жетістігіміздің құпиясы да осында жатса керек. Қажырлы еңбектің нәтижесінде «НСС» компаниясы еліміздің мұнай өндірісі бойынша үздік жиырмалыққа енді. Бұл бізге мемлекет тарапынан көрсетілген шынайы құрмет, жоғары баға болды. Әрі жауапкершілікті күшейтті. Бизнестің түбі табыста болғанымен, жүгі тынымсыз еңбекте.

– Егемендік алғаннан кейін өндірістің бәрі тоқтап, ел тұрмысы тоқырап қалғаны рас. Қазба да, басқа да байлықтарымыздың барына шүкір, барымызға сендік. Бәріміз бірдей байып кетпесек те, қара алтынымыз кәдеге жарайды ғой, әйтеуір. Әлемде теңіздер тартылып қалып жатқанда, бұл дүниеде сарқылмас дүние болмас. Су шыққан жерден су шығады. Мұнай таусылса не шығар екен деген сұрақ мазалайды. Мұнайдың маңында жүрген адам ретінде, қазіргі өндірістің аяқ алысын қалай бағалайсыз?

– Әлі есімде, 1989 жылы КСРО Халық депутаттарының кезекті съезінде сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.Назарбаев «Нефть не служит тому, кто ее добывает» деп орталықтың өктем саясатын өткір сынаған болатын. Бүгіндері еліміз мұнай өндіру бойынша әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеттерімен иық тірестірді. Ал, енді Кеңес одағы ыдырап, Тәуелсіз ел атанған тұста, жоспарлы экономика құрдымға кетті. Оның орнына нарықтық жүйеге негізделген экономика енді. Шикізат қоры ретінде дамып келе жатқан біздің еліміз үшін ол уақытша болса да қиыншылықтар әкелді. Ал, мұнай бағасы барреліне 9 долларға дейін құлдырады. Қазіргі мұнайдың бағасын сол кезбен салыстырып, қанағат етпеске амал жоқ. Қалың ел, сіз айтқандай, мұнайға арқа сүйеді. Ол үміт те ақталды. Әлемдік алпауыт мұнай компаниялары елімізге инвестиция құйып, нәтижесінде мұнай-газ саласы дамыды. Кеңес одағы кезеңіндегімен салыстырғанда қазір өндіріс көлемі үш есеге ұлғайды. Бұл қуантарлық нәтиже мұнайшылардың қажырлы еңбегінің жемісі. Қара алтыннан түскен қыруар қаржы Ұлттық қорға жиналуда. Ол қаржы елімізді бірнеше рет дағдарыстан аман-сау шығуына септігін тигізді. Тіпті республикалық бюджеттің 60 пайызынан астамы мұнайдан түсетін пайдамен толығып отыр. Проблема жоқ емес, бар. Елдегі мұнай индустриясы қазір жаңғыру үстінде. Ескірген құрал-жабдықтардың бәрін жаңартып, үнемді әрі қуатты өндірісті күшейту қажет. Оған капитал да, уақыт та керек.

– Мұнай-химия өндірісін әртараптандыру мен қалдықтарды өңдеу жоспарланған-ды. Оны жүзеге асыруға жауапты министрліктің шамасы жетіңкіремей жатыр ма, әйтеуір кешеуілдеп жатқан жайы бар. Біздің білуімізше, жекелеген мұнай компаниялары өндірісті әртараптандырумен өз беттерінше айналысуда. Өз тараптарыңыздан нендей әрекет жасап жатырсыздар? Қалдықты өңдеу мәселесі оң шешімін тапты ма?

– Мұнай саласында қызмет ететін болғандықтан экологиялық ахуалмен күресу мәселесін сырт айналып өте алмаймыз. Компанияда 2003 жылдан бері арнайы мұнай қалдықтарын қалпына келтіру цехы жұмыс істейді. Онда қалдықтарды арнайы сепаратор арқылы тазартып, таза май аламыз. Ол майды жылу қазандықтарында сақтап, отын есебінде қайта пайдалануға болады. Сонымен бірге аталмыш цех аккумулятор батареяларын, люминесцентті лампаларды, фиксаж ерітінділерін, шыны, пластик, тоқыма, құрылыс қоқыстарын, тұрмыс, тамақ, ағаш, медицина қалдықтарын да қайта өңдейді, кәдеге жарамды етеді. Мұнай қалдықтарын залалсызданыдратын тағы бір тәсіл – биоремедиация. Арнайы қазылған алаңға алдымен таза топырақ төселеді, оның үстіне бүлінген топырақ жайылады, жыртылады, бетіне сумен араласқан арнайы препарат себіледі. Препарат құрамындағы микроорганизмдер топырақты мұнай қалдықтарын өзіне сіңіреді. Нәтижесінде таза топырақ аламыз, оны қайта пайдалануға, оған тіпті гүл егуге де болады. Кейбір компаниялар топырақты өртеу әдісін қолданады. Ал, біз экологияға зиянын тигізбейтін биологиялық әдіспен жұмыс істейміз. Мұнай құбырларын құммен ысып, тазалайтын әдәстә де пайдаланамыз. Тәулік бойы су түбінен мұнай соратын құбырлар тез тозады. Әрі, отандық мұнай алу әдәсә көпшілік ойлағандай оңай емес. Сондықтан, құбыр ауыстыру, жаңалау, дәнекерлеу өте күрделі жұмысты талап етеді. Бұл мәселені шешудегі көлге құйған тамшыдай болсын үлесіміз – алдағы уақытта мұнайды қыздыру пешін, мұнайды сұйылту қондырғыларын орнату, жолсерік газдарын факел арқылы ауаға жібермес үшін оларды залалсыздандыратын газпоршенді генераторды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл үлкен капиталды, жан-жақты талқылауды қажет ететін мәселе. Десек те, жобаны жүзеге асыру үшін ресурстарымыздың жеткілікті болатынына сенеміз.

– Маман даярлау мәселесі тәп-тәуір проблема болып тұр, қазір. Қызық халықпыз ғой, кезінде ертеңін ойламай сән санап, экономистер мен заңгерлердің санып көбейтіп алдық. Техниканың тілін білетін мамандар тапшы. Баяғы кәсіптік-техникалық училишелердің бәрі қазір колледджге айналды. Десе де, сонда барып оқуға арланатын жастар бар. Қымбат оқу орнын бітірген талай түлек жұмыссыз жүр. Әркімнің өз несібесі бар дегендей, бастықтар аспаннан түскен жоқ, жерде жүріп жетілді ғой. Біздегі әкім, министр, депутаттардың ең алғашқы мамандықтары техник, құрылысшы, тіпті тракторшы да болған ғой. Компанияда маман мәселесі қалай шешілген?

– Иә, сіз көптің көкейіндегі орынды сауал қойдыңыз. Адам баласы екі жағдайда қателеспеу керек дейді. Яғни, өмірлік жар мен мамандық таңдағанда жаңылыспаған жөн. Абай ақын «Иә адвокат, иә тілмаш болсам деген бәрінде ой» дегендей, балаларымыздың бәрі бастық болса деген қиял жетегінде жүреміз. Оның бәріне «кресло» бұйыра ма, жоқ па, ол жағын ойланбаймыз. Балаларымыз қаласын-қаламасын әйтеуір бір мамандыққа оқыту үшін соңғы танасын сатып тыраштанып жүрген біреу. Жоғары білімді дипломы бар адам көп. Бірақ, тірлікке қабілетті шын білікті маман «жоқтың қасы». «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе қыстырма» дегенді қаперден шығармасақ екен, мамандық таңдайтын сәтте. Әлемдік дағдарыстың халыққа салұын тиетіні рас. Бірақ осы дағдарыстың кезінде көп нәрсеге көзің жете түседі. Әр мамандықтың парқы білінеді. Мысалы, көлік жөндеушіні алайық. Қазір, екінің бірінде көлік бар, бірақ жөндейтін маман аз. Темір болғасын бұзылмай тұрмайды. Жаяу жалпылап жүргің келмейді, амал жоқ, ұзын-сонар кезек күтіп, көлігіңді жөндетіп аласың. Айтпағым, бір қарағанда ұсақ-түйек боп көрінуі мүмкін, бірақ күнделікті тіршілікке керекті мамандар тапшы. Бұл бүгінгі таңда күрделі мәселелердің бірі боп тұр. Өндіріс орындары техникалық мамандарға зәру. Біздің компанияға келетін мамандарға деген талап күшті. Біліміне, тәжірибесіне, адамгершілік қасиеттеріне де қараймыз. Ал, енді монтаждау сияқты тағы да басқа жұмыстарға қолының икемі бар, темір-терсектен хабары барларды аламыз да, оларды арнайы курстарда оқытып,біліктілігін көтеруге күш саламыз. Нәтижесі жаман емес. Істің тетігін қашан да кадр шешкен. Біліктілік барлық салаға бірдей талап екенін ұмытпауымыз керек.

– Дабыл қағатындай жағдайға жеттік. Қазір отбасы құндылықтарын құнттайтын адамдар азайып барады. Ажырасулар өте көп. Бұдан нашар заманда да шаңырақтар шайқалмай-ақ босағаның беріктігі сақталып келді ғой. Кешегі тоқсаныншы жылдардың тоқырауында да ешкім отабсын қиындықта тастап кеткен жоқ. Ал, қазір қит етсе, келін кетіп қалады. Ерлі-зайыптылардың арасына түсетін аналар да, енелер де кезігіп жатыр. Отбасылық құндылық несімен қадірлі, сіздің үйде?

– Отбасы – мәңгі құндылық. Ол туралы, оның адам мен мемлекет өміріндегі мән-маңызы жайлы көп айтуға болады. Отбасының өзін шағын мемлекет деп жатымыз. Иә, бүгіндері отбасы құндылықтарының әлсірегені жасырын емес. Атам қазақ «Балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген. Отбасының алтын діңгегі – ұрпақ. Мен өзім көпбалалы отбасыда өстім. Әкем Шияп марқұм бала-шағасын адал нәпақамен асыраған қарапайым адам еді. Доссор, Жаңаөзен секілді мұнайлы өлкеде тұрдық. Жұмысқа ертке кетіп, кеш қайтатын еді. Әкемізге қарап адал еңбектің не екенін білдік. Анам Зылиха әкеміздің бар жағдайын жасады. Үй шаруасымен, бала тәрбиесімен айналысты. Әкем мен шешемнің арасындағы сүйіспеншілік, сыйластық, жалпы үйлесімділікке сүйсіне қарайтынмын. Ешқашан бір-бірінің бетінен алған емес. Барлық шаруаны келісіп, байыппен шешетін. Кеңес одағының кезінде барлық отбасы тек қана жалақымен ғұмыр кешті ғой. Ол ақша бірде жетсе, бірде жетпей қалатын. Сондай кездерде екеуі де сабыр сақтай білді. Ал, қазіргі ұрыс-керістің бәрі осы жетіспеушіліктің салдарынан болып жатыр. Иә, бүгінгі талап өзгерді. Балаларымыз өзіміздің жоғары оқу орындарын менсінбей, шет елге мойын бұратын болған. Алаңсыз ішіп-жеп, армансыз қыдырсақ дейді. Бірақ, ол үшін таңдай терді сығып, еңбек ету керек емес пе? Несін жасырамыз, қазір адамдардың көпшілігі күйзеліске ұшырағын. Ғалымдар мұның барлығы келешекке сенімсіздікпен қарағаннан туындайтынын айтуда. Қазіргі қиыншылықтар аталарымыз көрген ашаршылық пен соғыстың жанында не тәйірі?! Сондай зобалаңдардан өткен елміз. Сабыр етсек, тынымсыз еңбектенсек, береке табатынымыз анық қой. Әлбетте, айтуға оңай дерсіздер. Бізге де қара алтын аспаннан жауған жоқ. Жерден де оңайлықпен шыға қоймаған. Бәрі де ерен еңбектің нәтижесі. Қиналған шақта сыртқа сыр білдірмей, төзе білген отбасыма разымын. Мен ойлаймын, отбасының ошағын жылытып, шаңырақтың беріктігін сақтау әйелге байланысты. Еркек түздің адамы, сондықтан, бала тәрбиесі де, басқасы да әйелдің қолында болады. Өмірдің ыстық-суығына бірге төзіп ғұмыр кешуге бел буып, үйленгеннен кейін, қандай да болмасын қиындықты бірге жеңуге тырысқан отбасының ғана беріктігі сақталады.

– Спортпен шұғылданасыз ба?

– Мұхаммед Пайғамбардың бір хадисінде «балаңды атқа отырғызып үйрет, садақ атуға дағдыла» дейді. Осының өзі тіпті шариғаттың салауатты өмір салтын ұстануға айрықша мән беретінін дәлелдеп тұр. Біз де бала болдық. Сабақтан тыс уақытта жердің шаңын шығарып доп тептік, басқа да спортпен шұғылданып өстік. Суда жүзуге ден қойғам. Ол әдеттен әлі күнге жаңылмай келемін. Біздің компаниямызда да спортқа ерекше көңіл бөлінген. Өзіміздің футбол командамыз бар. Олар қалалық, аудандық, облыстық жарыстарға қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. Спорт та бір саясат. Еліміздің мерейін өсіріп, даңқын асырып жүрген спортшыларымызға сәттілік тілейміз.

– Қанша байлығы мол мемлекет болсақ та, кедейі көп елміз. «Жақыны қиналып отырғанда, жатты жарылқағаннан қайыр жоқ» деген бар. Жемқорлардан артылса жақсы ғой…Кәсіпкерлердің атымтай жомарттарына алғысымыз шексіз, аракідік қиналған отбасыларға қол ұшын созуда.  Көбісі туған өлкелерінің көсегесін көгертуге ат салысып келеді. Меценаттыққа қалай қарайсыз?

– «Әр жасаған жақсылық та садақа» дейді ғой. Біреуге жақсылық жасасаң, оның міндетті түрде қайтарымы болады. Ал, елдің дамуына үлес қосу – ол да Отан алдындағы бір борышымыз. Әркім әр түрлі салада өзінше бір пайдалы. Мейірім жоғалып бара жатқан заманда қайырымды болсақ, қанекей. «Жақсылықты бөліссең көбейеді», «Өле жегенше, бөле же» деген. Айтсаң рия, айтпасаң үлгі болмай қалар. Қамқорлығымызға мүгедек отбасыларды алғанбыз, қарасып тұрамыз. Басқа да шараларға демеушілік көрсетіп келеміз. Еліміздің бизнесмендері зекет беруді әдетке айналдырса нұр үстіне нұр болар еді. Әрі бес парыздың бірін орындайды, әрі мұқтаждарға көмегі тиеді. Қолынан іс келетін әрбі разамат меценат болуы тиіс.

– Сұхбаттасқаныңызға рахмет. Жұмысыңызға береке, отбасыңызға бақыт тілейміз.

                                                                         

                                                                                                                                                                  Сұхбаттасқан: Мөлдір Нұрман

                                                        «Болашақ жасар» газеті