Жаңа жыл қарсаңында қала мейрамханаларының бірінде «Нефтестройсервис Лтд» ЖШС 400-ден астам қонақ жинап, өзінің 20-жылдық мерейтойын атап өтті. Мерейтойға Атырау қаласында орналасқан бас кеңсенің, Теңіз, Орал, Ақтау және Алматы филиалдарының қызметкерлері қатысты. Мерейтой иелерін құттықтауға серіктес-компаниялар өкілдері де келді.
Қонақтар кештің дресс-кодын қолдады: ерлер қазақша ою-өрнек салған костюмде, ал нәзік жандылар ұлттық нақыштағы әдемі де жарасымды көйлектерімен кештің сәнін келтірді.
Кеш компанияның 20-жылдығына арналып шығарылған кітаптың тұсаукесер рәсімінен басталды. Кітап үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілінде жазылған, онда НСС компаниясының құрылу тарихы мен оның Батыс өңірдегі тұрақты дамып келе жатқан мұнайқұрылыс компанияларының бірі ретіндегі қалыптасу кезеңі баяндалған. Кітаптың авторлары Қазақстан Журналистер Одағының Лауреаты, жазушы- Кенжебек Сейтмухаммедов және өздерінің әр жылдағы ыстық естеліктерімен және фотосуреттермен ықыласпен бөліскен НСС компаниясының қызметкерлері.
Ұжым атынан тағы да бір керемет сый – ол осы мерейтойға арнап жазылған НСС гимні. Мәтіннің авторы компанияның жұмыскері – Әділет Серік, кеште гимнді облысқа белгілі эстрада әншісі Медет Қарамырза бастап, ұжым қостап шырқады.
Бұл кеште ерекше алғыс сөз НСС-компаниясының негізін құраған және әлі күнге дейін ірі жобаларға жетекшілік жасап жүрген ардагерлер атына жолданды. НСС компаниясының негізін қалаушы- Ибрагим Шияпович Акдрашев жиналғандардың барлығын мерекемен құттықтап, компанияда 19-20 жыл жұмыс жасаған 46 ардагерді құттықтап, «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен және ақшалай сыйлықақымен марапаттады.
Сонымен қатар, жаңадан отбасын құрған және отбасы мүшелері толыққан НСС компаниясының қызметкерлері де назардан тыс қалмады. Олар әріптестерінің қызу құттықтауын қабыл алып, қанжығасына ақшалай сыйлықтарын байлады. Шетелдік серіктестер үшін НСС-тің мерейтойы қазақтың ұлттық киімін дәріптеу кеші болды. Шетелдіктер олардың әсемдігін, ерекшелігін және заманға сай жайлылығын атап көрсетті. Қазақ халқының ұлттық киімінің жүздеген көне түрлерінің ішінен шетелдіктер кештегі 5 үздік сәндісін таңдап, жеңімпаздарға ақшалай сыйлық табыстады.
Шараның соңында дана халқымыздың «Өлі жебемей, тірі байымайды»-деген қанатты сөздерін ұстанып, НСС компаниясының тарихында және әріптестерінің жүрегінде өшпестей із қалдырған, өмірден өтіп кеткен қызметкерлерді еске алуға арналған бейнеролик көрсетілді. Осы мерекеге арнайы шақырылған олардың отбасы мүшелері компания басшылығы мен ұжымына құрметтері үшін зор ризашылықтарын білдірді.
Мерейтой қонақтары үшін Тамара Асар, «Формат» тобы, Нұрболат Абдуллин және опера әншісі Жанасыл Төлеуова сынды қазақстандық эстрада жұлдыздары ән шырқады. Ал Ақтау қаласынан келген ұлттық киімдер үлгісін көрсеткен дефиле салтанатты кештің шырайын келтіріп, мәні мен сәнін одан сайын ашып, бояуын қанықтырды.
Өзінің 20-жылдық белесіне компания лайықты нәтижелермен қол жеткізді. 20 жыл-бұл бәрі қалай басталғанын еске алатын, өткенге қорытынды жасап, одан әрі даму белестерін белгілейтін кезең. НСС сонау 90-жылдары Теңіз кенорнына келген шетелдік компанияларға білікті жұмыс күшін ұсынған жергілікті ұйымдардың бірі болды. Ең бірінші контрактыны сатымонтаждау жұмыстары бойынша «Ведепсер» венгер компаниясымен бекітті. Бірінші рет сапалы және мерзімінде орындалған жұмыстар шетелдік Тапсырыс берушілердің сенім төрінен орын алып,әрбір табысты аяқталған жобамен бірге клиенттер қоры өсіп, жұмыс сапасы артты. Осылайша, НСС Теңіз кенорнындағы мұнайқұрылыс компаниялар қатарында ойып тұрып орын алып, тамырын тереңге бойлатты.
Қазір компания қызмет саласының ауқымды спектрін ұсынады-тұрғын қалашықтарына, кір жуу және кейтерингтік қызмет көрсетуден бастап, мұнай кенорнындағы дәстүрлі құрылыс жұмыстарына дейін. НСС компаниясының серіктестері қатарында «Теңізшевройл»ЖШС, «Қазмұнайгаз»АҚ, «КазТрансОйл» АҚ, «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н.В», «Карачаганак Петролеум Оперейтинг Б.В және басқа да алпауыт компаниялар бар. НСС-тің табыстары турасында мынадай цифрлар мақтан етеді: 20 жылдың ішінде әртүрлі деңгейдегі 200 жоба жүзеге асты, жалпы тапсырыстың 40%- бұл біздің жұмысымыздың нәтижесіне риза болып қайта тапсырыс берген клиенттер. Штатында 27 қызметкермен бастаған компания 20 жылдың ішінде көлемі жағынан айтарлықтай өсіп, қызметкерлер саны бүгінгі таңда 5000-ға жетті. НСС –тің жер үсті және теңіз кешендері сияқты спецификалық жобаларда жұмыс тәжірибелері бар. Біздер Еңбекті қорғау, Қауіпсіздік Техникасы мен Қоршаған ортаны қорғау жөніндегі барлық талаптарды сақтай отырып, еңбек етудеміз. Компанияның Атырау және Теңіз кенорнында оқу орталықтары бар, онда өзіміздің кадрлар ғана емес, сонымен қатар басқа да ұйымдардың қызметкерлері өздерінің біліктілік деңгейін арттырып, әртүрлі кәсіп бойынша оқудан, қайта даярлаудан өтеді. НСС қызметкерлерді әлеуметтік қорғауға басты назар аударады.Тұрақты еңбекақы, мансаб өсіру, толық әлеуметтік пакет – бұл НСС-тің мақтан тұтатын тұстары және ол қызметкерлерді жемісті де адал еңбек етуге ынталандырады.
Мерейтой жылы әртүрлі жетістіктермен толасты. Көптеген табыстарға қол жеткізілді, алар асу әлі алда. Мақсат айқын, міндет белгіленген, үміт үлкен. НСС –тің еңбектес, ынтымақтас болуға, тың идеяларға әрқашан құшағы айқара ашық және еліміздің игілігі үшін еңбек етуге ниеті зор.