Сүлеймен, Мали және Дерин Билькент лабораториясы және халықаралық мектебінде (BLISS, Түркия) оқып жүрген кездерінен жақын достарға айналған.

Достары Мали деп атайтын Мехмет Әли Айдын мен Сүлеймен бала күндерінен арасынан қыл өтпес достар болды. Оларды жақындастырған – футболға деген махаббат. Мали мен Сүлеймен екі түрлі команданың жанкүйерлері болатын. Десе де, бұл айырмашылық оларды одан әрі жақындастыра түскендей. Екеуі бос уақыттарын үнемі бірге өткізетін. Бірге мектепке баратын, бірге тамақтанатын, бірге ойнайтын. Сөйтіп Мали мен Сүлейменнің достықтары күн санап берік бола түседі. Оқуды аяқтағаннан кейін Сүлеймен туған жері Атырауға оралады, Мали Анкарада қалады. Жыл өткен сайын өмірдегі мақсаттары, көзқарастары өзгергенмен, ескі достардың сыйластықтары дәл сол күйінде қалды.

Дерин 10 сыныпта Анкарадағы Билькент лабораториясы және халықаралық мектебіне оқуға ауысады. Ол кезде Дерин өзінің туған түрік тілін жетік білмейтін. Сол себепті айналасындағы адамдар онымен ағылшынша сөйлесетін. Сүлеймен ғана түрікше сөйлесетін болады. Кейін басқа достары да Сүлейменге еріп, Деринмен түрікше сөйлесе бастайды. Осының арқасында аз уақыттың ішінде Дерин түрікше сайрап шығады.

Бір-бірімен көңіл жарастырып, отбасын құруға бекінген Мали мен Дерин Сүлеймен Акдрашевтің отбасын тойларына қуана шақырды. Акдрашевтер жас жұбайларға бейнеқұттықтау жолдады. Тойға қатысқан Сүлейменнің апасы Акдрашевтер отбасы атынан Мали мен Деринді құттықтап, шаңырақтарының биік, керегесі кең, босағасы берік болуын тіледі.